Барлық жүлдені жеңіп алды. 2014 жылғы әлем чемпионы футбол мансабын аяқтағанын жариялады
«Баварияның» аңызға айналған бұрынғы қорғаушысы Жером Боатенг 37 жасында бутсыларын шегеге ілуді жөн көрді. Тәжірибелі футболшы бұл шешімін Instagram парақшасында жариялады.
«Отбасы. Достар. Жанкүйерлер. Уақыты келді», – деп жазды 37 жастағы неміс әлеуметтік желіде.
Боатенг Мюнхеннің «Бавариясында» он маусым өнер көрсетіп, ең жарқын жылдарын өткізді. Осы уақыт аралығында ол 25 трофейге (Бундеслигада 9 чемпиондық және екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды) қол жеткізді.
Сондай-ақ қорғаушы «Герта», «Гамбург», «Манчестер Сити», «Лион», «Салернитана» және ЛАСК клубтарында ойнады.
2014 жылы Германия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар Бундестим сапында Евро-2012 және 2010 жылғы әлем чемпионатында қола медаль иеленген.
Жазда Боатенг Австрияның ЛАСК клубынан кетіп, содан бері еркін агент мәртебесінде болды.