Қазақстан құрамасының шабуылшысы шетелдік клубтың назарына іліккені жайлы айтты
«Елімай» және Қазақстан құрамасының шабуылшысы Иван Свиридов 2023 жылы Молдованың «Шериф» клубына ауысуға шақ қалғанын айтты. Ол кезде шабуылшы әлі Қарағандының «Шахтер» командасында өнер көрсетті.
«Еуропадан ұсыныстар болды, бірақ клубтар өзара келісімге келе алмады. Мысалы, 2023 жылы «Шерифтен» нақты ұсыныс түсті. Ол кезде мен «Шахтердың» ойыншысы болатынмын»,- деді Свиридов Sport+ арнасына берген сұқбатында.
Футболшы үшін ең бастысы - жан-тәнімен ойнау және сенетін жанкүйерлердің үмітін ақтау екенін де жасырмады.
«Әр ойында толы стадион алдында өнер көрсету, өзімді шынайы футболшы ретінде сезінуді армандаймын. Семейде стадион үнемі толы болады, қолдау ерекше. Шығып, өзіңді танитын, сенімен бірге тыныстайтын халық барын сезінесің»,— деді ол.
Иван - «Шахтер» академиясының түлегі. Қарағанды клубы сапында 42 матч өткізіп, 8 гол соқты. 2024 жылдың қаңтарында «Елімайға» ауысты. Қазірдің өзінде ол жаңа командада 35 матч өткізіп, 6 гол мен 3 нәтижелі пас беріп үлгерді.
Иван Свиридов Қазақстанның ең ыңғайсыз қорғаушысын атады.