Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлттар лигасының шешуші ойынында топ көшбасшысынан жеңіліп қалды
3 маусымда УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионында Қазақстан мен Люксембург әйелдер құрамалары арасында ойын өтті.
Матч алдында командалар дивизионның үшінші тобында алғашқы екі орынды иеленді. Топ көшбасшылары арасындағы 6-турдың шешуші ойыны Алматыдағы Орталық стадионда өтіп, 1:3 есебімен қонақтардың жеңісімен аяқталды.
Ойын жылдам қызыл қағазбен басталды – алтыншы минутта Қазақстан құрамасының футболшысы Қазына Норбаева өрескел ойыны үшін алаңнан қуылды. Бірақ 10 адаммен ойнағанымен, небәрі тоғыз минуттан кейін Карина Жұмабайқызы есеп ашты. Екінші таймда жағдай толығымен өзгерді – 51-минутта алаң иелері қақпашысының қателігінен кейін, Люксембург есепті теңестіре алса, 59-шы минутта қонақтар екінші голды да соқты. Матч соңында Люксембург футболшылары есепті 1:3-ке жеткізді.
Осылайша, Қазақстан әйелдер құрамасы Люксембургке есе жіберіп, Ұлттар лигасындағы маусымды екінші орында аяқтады. Енді ұлттық құрама екінші орын алған командалар рейтингінде бағын сынамақ.
Ұлттар лигасы. Дивизион С, группа 3. 6-тур. 3 маусым
Қазақстан - Люксембург - 1:3
Голдар: Жұмабайқызы, 15 - Миллер, 51, Дос Сантос, 59, Барбоса, 90+3.
Қызыл қағаз: Норбаева, 6 (Қазақстан).
