«Ақтөбе» «Романың» шабуылына төтеп бере алмады: италиялықтар екі минутта бәрін шешті
Әйелдер арасындағы Чемпиондар Лигасының іріктеу кезеңінде өнер көрсеткен «Ақтөбе» футбол клубы екінші ойында италиялық «Ромадан» жеңіліп, жарысты жалғастыру мүмкіндігін жоғалтты. Кездесу Прагада өтіп, түгелімен римдіктердің бақылауында болды.
40-минутта Марта Пандини есеп ашса, араға бір-ақ минут салып Джулия Галли таразы басын екі допқа жеткізді. Қазақстандық команда жанкештілік танытқанымен, тәжірибелі қарсыластың қорғанысын бұза алмады.
Әйелдер Чемпиондар Лигасы, іріктеу кезеңі
«Ақтөбе» — «Рома» — 0:2 (0:2)
Голдар: Пандини, 40 (0:1). Галли, 41 (0:2).
Енді «Ақтөбе» турнирдің 2-тобындағы үшінші орын үшін «Спарта» (Прага, Чехия) – «Норшелланн» (Фарум, Дания) кездесуінің жеңіліс тапқан командасымен күш сынасады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның тағы бір өкілі – «БИИК-Шымкент» та іріктеуде сүрініп, Польшаның «Катовице» клубынан 0:2 есебімен ұтылған еді.