Аллахвердиев Генттің жастар командасында қаралымнан өтеді
18 жастағы қазақстандық футболшы Рауль Аллахвердиев Бельгияның "Гент" клубында қаралымнан өту мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы Meta-ratings.kz хабарлады.
Жас шабуылшы астаналық "Женіс" командасымен оқу-жаттығу жиындарына қатысып, кейін Бельгияға аттанып, "Генттің" U-21 жастар командасында қаралымнан өтеді.
Рауль кәсіби футболдағы дебютін 15 жасында "Женіс" сапында өткізген. 2023 жылы ол Transfermarkt нұсқасы бойынша өзінің туған жылындағы ең қымбат ойыншылардың ТОП-50 тізіміне енді. Ол 175 мың еуро бағасымен 45-орынды иеленіп, өз жасындағы қазақстандық футболшылар арасында ең жоғары бағаланған ойыншы атанды.
Бұған дейін Әзербайжан футбол федерациялары қауымдастығы шабуылшыға қызығушылық білдірген еді. Рауль Әзербайжан жастар құрамасына шақыртылған болатын. Алайда Аллахвердиев Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғағысы келетінін мәлімдеді.