«Қайрат» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіндегі ықтимал қарсыластарын білді
2024 жылғы маусым қорытындысы бойынша Қазақстан чемпионы атанған алматылық «Қайрат» алдағы еурокубок маусымына дайындық үстінде.
Команда өз жолын УЕФА Чемпиондар лигасының алғашқы іріктеу раундынана бастайды.
Алматылық клубтың мүмкін қарсыластары қатарында төрт команда бар: Болгарияның «Лудогорец» клубы, Словенияның «Олимпиясы», Босния және Герцеговинадан «Зриньски» және Черногориялық «Будучность». Қарсылас нақты 17 маусым күні Швейцарияның Ньон қаласында өтетін жеребе тарту рәсімінен кейін белгілі болады. Шара Астана уақытымен 17:00-де басталады. Жеребе тарту рәсімін тікелей эфирде УЕФА сайты көрсетеді.
Бірінші іріктеу раундының ойындары 8/9 және 15/16 шілде күндері өтеді.
Айта кетейік, алдағы маусымда Чемпиондар лигасында ел намысын қорғайтын жалғыз қазақстандық клуб - «Қайрат». Ал Еуропа лигасында Қазақстан Кубогының иегері «Ақтөбе» өнер көрсетеді. Конференциялар лигасында ел атынан «Астана» мен «Ордабасы» қатысады.