Қайрат Боранбаев Мәскеудегі 158 миллион рубль тұратын жылжымайтын мүлкінен қалай айырылып қала жаздады
2024 жылдың басында Алматыдағы «Қайрат» футбол клубының иесі, кәсіпкер Қайрат Боранбаев ірі алаяқтық әрекеттің ортасында қалды: белгісіз тұлғалар оған тиесілі, Мәскеудегі «КонсалтингГаз» ЖШС-нің жылжымайтын мүлкін заңсыз сатуға әрекет жасаған.
Nege.kz басылымының мәліметінше, сөз Воскресенское елді мекенінде орналасқан екі ғимарат пен екі жер телімі туралы болып отыр. Аталған мүліктің баланстық құны шамамен 158 миллион рубльді құраған.
Күдікті мәміле 2023 жылдың 9 желтоқсанында жасалған. Құжаттарға сәйкес, келісімшартқа компания атынан «бас директор» Санжар Құрманбаев қол қойған. Алайда кейін сот-сараптамалық зерттеу бұл қолдың жалған екенін анықтады.
«КонсалтингГаз» ЖШС бұл мәмілені жарамсыз деп тану туралы сотқа жүгініп, ІІМ-ге алаяқтық фактісі бойынша шағым түсірді. 2024 жылдың соңында сот мәмілені жарамсыз деп танып, құжаттағы қолдың Құрманбаевқа тиесілі емес екенін растады.
Осылайша, Қайрат Боранбаев қомақты қаражатқа бағаланатын мүлкінен айырылып қалудан аман қалды.