Ағылшынның бес дүркін чемпионы мансабын аяқтағанын жариялады
«Манчестер Сити» мен Бразилия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы Фернандиньо кәсіби мансабын аяқтағанын ресми түрде мәлімдеді. Оның жасы қазір 40-та.
«[Қайырымдылық матчында] бүгін 30 минут жүгіргеннен кейін-ақ шаршадым. Футболда мені ынталандыратын ештеңе қалмады, себебі бұл ойында бәріне қол жеткіздім. Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Енді отбасыммен уақыт өткізетін кез келді», — деп келтіреді Фернандиньоның сөзін Globo Esporte.
Фернандиньо «Манчестер Сити» сапында бес мәрте Англия Премьер-лигасының чемпионы атанды, ал украиналық «Шахтер» құрамында алты рет Украина чемпионы болды және осы клубпен бірге УЕФА Кубогын (қазіргі Еуропа лигасы) жеңіп алды. Бразилия құрамасында ол Америка Кубогының иегері атанды. Сондай-ақ, Фернандиньо Англия лигасының кубогын алты рет ұтты.
Жартылай қорғаушы «Ситидің» сапында барлық турнирлерде 383 матч өткізіп, 26 гол соғып, 32 нәтижелі пас берді. Мансабы барысында бразилиялық футболшы украиналық «Шахтер» мен Бразилияның «Атлетико Паранаэнсе» клубтарында да өнер көрсетті.
Фернандиньо жалпы мансабында 900-ден астам матч өткізіп, 200-ден астам голға тікелей қатысып, шамамен 30 трофейге қол жеткізді.