Абат Айымбетов үнсіздігін бұзды: ойыншы жеңілістен кейінгі эмоционалды жазба жариялады
Қазақстан құрамасы мен Түркияның «Адана Демирспор» клубының шабуылшысы Абат Айымбетов Суперлигадағы кезекті жеңілістен кейін жан тебірентер жазба жариялады.
19 сәуір күні Адана клубы чемпионаттың 32-турында өз алаңында «Трабзонспорға» 0:1 есебімен жол берді. Айымбетов негізгі құрамда алаңға шығып, 62 минут ойнады. Алайда ойын тағдырына ықпал ете алмады. Кездесу қорытындысы бойынша қазақстандық футболшы 5.9 ұпай алды - бұл команданың ішіндегі ең төмен бағалардың бірі.
Команда турнир кестесінің төменгі бөлігінде қалып қойып, элитада қалуға математикалық мүмкіндігін баяғыда жоғалтты.
Осы жағдай аясында Айымбетов өзінің әлеуметтік желісінде жүрекке әсер ететін қара-ақ фотосуретпен жазба қалдырды.
«Көп қызықтарды бастан өткіздім. Еркектің басынан не келіп, не кетпес. Не болса да, ер намысымызды жоғалтпай, мықты болайық».
Белгілі мәліметтерге сүйенсек, Айымбетов маусым аяқталған соң Қазақстанға оралу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Ықтимал нұсқалардың қатарында оның бұрынғы клубы, елордалық «Астана» да бар. Бұған дейін «Астана» бас бапкері Григорий Бабаян Айымбетов қайта қайтып келу жайлы шешім қабылдаса, оны қуана қабылдайтынын ашық мәлімдеген болатын.
Абат Айымбетов 2024 жылдың ақпан айында «Адана Демирспор» сапына қосылды. Қазіргі маусымда ол 24 матч өткізіп, 4 голмен көзге түсті.