2026 жылдан бастап Қазақстан Бірінші лигасында легионерлерге қойылған шектеу алынып тасталады
Қазақстан футболының құрылымында маңызды өзгерістер орын алмақ. 2026 жылдан бастап Бірінші лигада шетелдік ойыншыларды тартуға рұқсат беріледі. Бұл туралы «Бомбардир» Telegram арнасы хабарлады.
Жаңа ережеге сәйкес, клубтар бір маусымда үш легионерге дейін тіркей алады. Алайда бұл ойыншылардың жалақысы мен барлық шығындары тек жеке қаржы көздері есебінен төленуі тиіс. Мемлекеттік немесе квазимемлекеттік бюджет қаражатын пайдалану қатаң түрде шектелмек.
Аталған шешім Бірінші лиганың деңгейін көтеріп, ішкі бәсекелестікті арттыруға және сапалы шетелдік футболшыларды тартуға бағытталған. Бұл - командаларға үлкен жауапкершілік жүктейтін, әрі кәсіби даму жолындағы маңызды қадам болмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Бірінші лигада легионерлерге толықтай тыйым салынған болатын. Енді 2026 жылдан бастап лига дамуының жаңа моделі қалыптасып, қаржылық тәртіп пен кәсіби өсімді қатар ұштастыру көзделіп отыр.
Осы арада биылғы маусымның алғашқы сегіз турынан кейін турнирлік кесте де белгілі бола бастады. Қазіргі таңда көш басында 21 ұпаймен «Каспий» клубы тұр. Одан кейінгі орында 18 ұпай жинаған павлодарлық «Ертіс», ал үздік үштікті 17 ұпаймен қарағандылық «Шахтер» түйіндеп тұр.