18 жастағы «Қайрат» таланты Англияға ауысуы мүмкін
Алматының «Қайрат» командасының 18 жастағы форварды Азамат Тұяқбаевқа ағылшын Чемпионшип клубтарының бірі қызығушылық танытты, деп хабарлайды ASnews.kz.
Тараз тумасының ойынын турнир кестесінің жоғарғы жағында орналасқан ұжымның скауттары мұқият бақылап жүр. Бұл клубты кезінде аты аңызға айналған футболшы басқаруда, сондықтан бұл ақпаратқа деген қызығушылық одан сайын артып отыр. Әзірге нақты ұсыныстар жоқ, бірақ УЕФА Жасөспірімдер лигасындағы сәтті ойындардан кейін ағылшындардың қызығушылығы күшеюі ықтимал.
Айта кетейік, Тұяқбаев аталған турнирдегі алғашқы матчында Лиссабонның «Спортинг» клубының қақпасына дубль соқты (2:3). Бүгінгі күнге дейін оның Қазақстанның бірінші лигасында 10 голы бар, сонымен қатар QJ League аясында 7 нәтижелі көрсеткішке ие.