КПЛ клубының бапкері Чемпиондар лигасындағы «Интер» — «Қайрат» матчына болжам жасады
Астаналық «Женис» клубының бас бапкері Андрей Демченко эксклюзивті сұхбатында Sports24.kz порталына алматылық «Қайрат» пен италиялық «Интер» арасындағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі матчтан не күтетінін бөлісті.
Еске салсақ, Чемпиондар лигасының төртінші турындағы Миланның «Интері» мен Алматының «Қайраты» арасындағы матч 6 қараша күні Италияның Милан қаласындағы «Джузеппе Меацца» стадионында өтеді.
«„Интер“ — өте жоғары деңгейдегі команда, сондықтан „Қайратқа“ бұл ойынға аса сақтықпен қараған жөн. Италиялық клуб чемпионатта үздіксіз өнер көрсетіп жатыр, ал Қазақстанда маусым аяқталып қойған. Бұл, әрине, өз әсерін тигізуі мүмкін. Футболшыларды бабында ұстау үшін қосымша жаттығулар өткізу керек. „Қайратқа“ сөзсіз қиын болады. Дегенмен, айта кетейін, Чемпиондар лигасындағы әр матч футболшының мансабында із қалдырады. Неғұрлым жиі қатыссаң, тәжірибе молаяды. „Қайрат“ ойыншылары үшін бұл турнирге қатысу — мол білім мен үлкен сынақ», — деді Андрей Демченко.
Милан қаласындағы матч «Қайрат» үшін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі үшінші ойын болмақ. Бұған дейін алматылық клуб турнирдің алғашқы кездесулерінде португалиялық «Спортингтен» (1:4) және мадридтік «Реалдан» (0:5) жеңіліп, кейін кипрлік «Пафоспен» (0:0) тең түскен еді.