Үздік жас боксшы Қазақстанға беделді турнирде медаль сыйлады
Қазақ боксы негізгі құрамсыз-ақ жоғары деңгейін дәлелдеп келеді. Нью-Делиде (Үндістан) өтіп жатқан World Boxing ұйымының Әлем кубогының финалдық кезеңінде Санжарәлі Бегалиев өз шеберлігін айқын көрсетіп, ширек финалдан сенімді түрде өтті.
80 килограммға дейінгі салмақта өткен жекпе-жекте отандасымыз Оңтүстік Корея өкілі Ким Мин Сенмен күш сынасты. Қызу тартысқа толы айқаста бастаманы біздің боксшымыз өз қолына алды. Темпті бағындырып, шешуші сәттердің бәрінде үстемдік танытқан Бегәлиев жеңісті толықтай өз пайдасына бұра алды. Қазылар да оны бірауыздан жеңімпаз деп таныды.
Бұл жеңіс Санжарәліді турнирдің жартылай финалына шығарды және оған кем дегенде қола медальді алдын ала қамтамасыз етті. Бұл - осы кезеңдегі Қазақстан үшін алғашқы жүлде.
Айта кету керек, Қазақстан құрамасы Нью-Делиге негізгі емес, резервтік құраммен барған болатын.