Өзбек боксшыларының «қорқынышы» қазақстандық спортшы әлем чемпионатындағы 22 секундтық нокаут жайлы айтты
Қазақстандық боксшы Оразбек Асылқұлов Sports24.kz порталына берген эксклюзивті сұхбатында Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатындағы екінші жекпе-жегіндегі жеңісі туралы пікір білдірді. 1/8 финалда 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Асылқұлов Эсватини елінің өкілі Мукело Дламиниге қарсы рингке шықты. Жекпе-жектің небәрі 22-секундында қазақстандық қарсыласын нокаутқа жіберіп, төреші кездесуді тоқтатты.
«Біз қарсыласымызды мұқият зерттедік. Рингте кезең-кезеңімен жұмыс істедім: әуелі бауырға, кейін басына соққы жасадым. Енді келесі жекпе-жекке дайындалып жатырмын. Біртіндеп рингке және жаңа жағдайларға үйреніп келемін, себебі кездесулер ашық аспан астында өтуде — бұл мен үшін мүлде жаңа тәжірибе», – деді Оразбек Асылқұлов.
Айта кетейік, Оразбек Асылқұлов өз буынының ең жарқын боксшыларының бірі ретінде танылып үлгерген. Өзбекстанның жетекші боксшыларын, соның ішінде Олимпиада чемпионы Абдумәлік Халоковты жеңгені үшін, сарапшылар арасында оған «өзбек боксының қорқынышы» деген бейресми лақап ат берілген.