Виктор Теміров – 8-0! Германиядағы кезекті жеңісінен кейін жанкүйерлеріне алғыс айтты
Бокс
Арсен Алиев
Редактор
ФОТО: temiroov_ инстаграм парақшасынан
Кәсіпқой бокста жеңісті жолын жалғастырып келе жатқан қазақстандық спортшы Виктор Теміров Германияның Ганновер қаласында өткен бокс кешінде поляк былғары қолғап шебері Лукаш Барабашты жеңіп шықты.
Жекпе-жектен кейін Темиров әлеуметтік желідегі парақшасында өз жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді:
«8-0 - алға қадам басып келеміз! Қиын сәттерде жаныма демеу болып, маған сенетін әрбір адамға алғысым шексіз. Сіздердің қолдауларыңыз - менің күшімнің қайнар көзі. Мұны шын жүректен бағалаймын», - деп жазды ол.
Бұл жеңіс Теміров үшін 2025 жылы өткен екінші жекпе-жек болды. Сәуір айында ол Германияда тағы бір поляк боксшысы Адам Цеслякпен кездесіп, техникалық нокаутпен жеңіске жеткен еді.