Видео. Энтони Джошуа Нигерияда ауыр жол апатына ұшырады
Лагос — Ибадан тас жолындағы апатта екі адам қаза тапты, британдық боксшы жеңіл жарақаттармен құтылды
ФОТО: gettyimages.com
Танымал британдық боксшы Энтони Джошуа Нигерияда орын алған жол-көлік оқиғасына тап болып, салдарынан екі адам қаза тапты. Бұл туралы Daily Express жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Апат Лагос — Ибадан тас жолында болды. Спортшы отырған Lexus жол талғамайтын көлігі жолда тұрған жүк көлігіне соқтығысқан. Бар мәлімет бойынша, Джошуа көліктің артқы орындығында отырған.
Оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда боксшының абдырап, ауырсыну сезініп тұрғаны және куәгерлердің оны қатты зақымданған көліктен шығаруға көмектесіп жатқаны байқалады. Дегенмен, жергілікті дереккөздердің айтуынша, Энтони Джошуа тек жеңіл жарақаттар алған және ауыр зардаптан аман қалған.