Александр Усик – аса ауыр салмақтағы екі дүркін абсолютті әлем чемпионы атанған тарихтағы тұңғыш боксшы
Александр Усик өз есімін әлемдік бокстың алтын парақтарына жазды. Ол суперауыр салмақта екі мәрте абсолютті әлем чемпионы атанған тарихтағы тұңғыш спортшы болды. Бұл тарихи жетістікке украиналық боксшы 20 шілде күні Лондондағы әйгілі «Уэмбли» стадионында қол жеткізді - ол британдық Дэниэл Дюбуаны бесінші раундта нокаутқа түсірді.
Бұл жекпе-жекте ең басты титул- IBF чемпиондық белбеуі еді, ол осыған дейін Дюбуаның еншісінде болған. Усиктің жеңісі төрт тұжырымның барлығын біріктіруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, бұған дейін екі боксшы 2023 жылдың 26 тамызында Вроцлавта кездескен болатын. Ол кезде де Усик тоғызыншы раундта нокаутпен жеңіске жетті. Алайда сол жекпе-жек үлкен дауға себеп болды. Бесінші раундта Дюбуа денеге соққы жасап, Усикті нокдаунға түсірген, бірақ төреші бұл соққыны рұқсат етілмеген деп таныды. Британиялық тарап бұл шешіммен келіспей келеді.
Дегенмен, бұл реваншта Усик барлық күмәнді сейілтіп, қарсыласын бесінші раундта сұлатып салды. Осылайша, оның алғашқы жеңісі кездейсоқ емес, заңды нәтиже болғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Александр Усик – төрт беделді ұйым (WBA, WBC, IBF, WBO) нұсқасы бойынша екі түрлі салмақта абсолютті чемпион атанған әлемдегі алғашқы боксшы.