«Өте қауіпті жағдай»: Головкин – Олимпиада бағдарламасынан бокстың шығарылуы мүмкіндігі туралы
Халықаралық Олимпиада комитеті мен IBA арасындағы қақтығыс Олимпиада ойындарындағы бокстың болашағына қатысты белгісіздік тудырды. Лос-Анджелестегі ойындарда бокс болады, бірақ одан кейінгі тағдыры белгісіз. Алайда Геннадий Головкин бокстың Олимпиада бағдарламасынан жоғалып кетуіне жол бермеуге шақырды.
World Boxing ұйымының президенті қызметіне кандидат бұл шешім әуесқой бокстың болашағына үлкен қауіп төндіретінін айтты. Әуесқой боксшылар үшін Олимпиада – өзін көрсетуге басты мүмкіндік, ал олардан осы мүмкіндікті айыру – өте қауіпті.
«Бокс менің өмірімнің ажырамас бөлігі болды, ал қазіргі уақытта олимпиадалық бокстың жағдайы – қабылдауға болмайтын жайт. Бұл өте қауіпті жағдай, және мен көмектесуге үлкен ықыластамын, себебі Лос-Анджелестегі ойындардан кейін бокстың Олимпиада бағдарламасына енбеу қаупі бар.
Мен барлық бокс жанкүйерлеріне, осы спорт түріне бейжай қарамайтындарға әуесқой боксты қолдауға шақырамын. Барлығы осы жерден басталады», – деді Головкин BBC-ге берген сұхбатында.
Бұған дейін белгілі қазақстандық спортшы өзінің мансабындағы соңғы жекпе-жегі туралы пікір білдірген болатын.