Таңқыбаева қарсыласын нокдаунға жіберіп, жартылай финалға шықты
Таиланд астанасы Бангкокта өтіп жатқан World Boxing ұйымының жастар арасындағы (U19) Азия чемпионатында қазақ боксшысы Айым Таңқыбаева жартылай финалға жолдама алды.
51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен ширек финалдық жекпе-жекте ол Моңғолиядан келген Сувд-Эрдене Баянмунхпен қолғап түйістірді. Айым жекпе-жекті сенімді түрде өткізді — төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңіске жетті. Екінші раундта қазақстандық боксшы қарсыласын нокдаунға түсіріп, басымдылығын айқын көрсетті. Осылайша Таңқыбаева жартылай финалға өтіп, кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті. Ал моңғолиялық спортшы жарысты аяқтады.
Айта кетейік, биыл мамыр айында Айым Таңқыбаева Шри-Ланкада өткен IBA ұйымының жастар арасындағы Азия чемпионатында 48 келі салмақта алтын жүлдеге ие болған еді.
Бес жартылай финал жолдамасы мен бірнеше жеңіліс: Азия чемпионатындағы жекпе-жектер Қазақстан үшін қалай өтті?