Сәкен БИБОСЫНОВ: \"Азия ойындарынан кейін рухым түсіп, сынып қалдым”
Бокстан Токио олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов кезекті сұхбатында үзілістен кейін қашан жаттығуға кірісетінін айтты. Ол былтыр Азия чемпионатынан кейін жарақаты қаншалықты сыр бергенін әңгімелеп, операцияға қатысты мән-жайды айтты.
“Дәрігерлер спортпен айналысу үшін маған ота жасау қажеттігін атады. Былтыр 20 желтоқсан күні ота жасап, содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Қалыптасу кезеңін өткеріп жатырмын. Бұйырса, бір айдың ішінде жаттығуды қайта бастайтын боламын”, - деді ол.
Сондай-ақ, боксшы 2023 жылдан бергі сәтсіздіктерін өкінішпен еске алды.
“2023 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында өзім үнемі жеңіп жүрген қарсыласыма есе жібердім. Оның себептері де болды. Себебі, жарақатым бар еді. Араға уақыт салып Азия ойындарында өзімнің әйгілі қарсыласым Хасанбой Дусматовпен жолым түйісіп, ұтылдым. Тактикалық тұрғыда қателікке бой алдырып, 5:0 есебімен жеңілген жайым бар. Көп сын айтылды. Азия ойындарынан кейін рухым түсіп, сынып қалдым”, - деді ол.
Естеріңізде болса, Сәкен Бибосынов 2024 жылы Париждегі Олимпиада ойындарында ширек финалға дейін жеткен еді. Алайда есе жіберіп, Франциядан жүлдесіз оралды. Ал желтоқсан айында Азия біріншілігіне барғанымен, бұл сын шымкенттік боксшыға сәтсіз аяқталды.