Ресми: Усик енді абсолютті әлем чемпионы емес. Не болды?
Даниэль Дюбуаға қарсы жеңістен кейін Александр Усиктің супертяж салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын қорғауына үміттер болған еді. Алайда украиналық хевивейт тағы бір белбеуден айырылды.
Бокс бойынша Әлемдік ұйымының (WBO) хабарлауынша, Усик өз титулынан бас тартты, сондықтан Фабио Уордлиге қарсы күтілген белбеу қорғау жекпе-жегі өтпейді. Украиналық боксшы не себепті мұндай шешім қабылдағаны белгісіз, алайда WBO бұл Усиктің мансабына нүкте емес, тек уақытша үзіліс деп үміт білдіріп отыр.
«WBO Усиктей рингте де, рингтен тыс та жоғары деңгейлі чемпионы болғанына ерекше мақтанышпен қарайды. Усик – шеберліктің, тәртіптің, адалдықтың және патриотизмнің үлгісі. Ол – Украина халқы үшін мақтаныш және бокстың шынайы жаһандық елшісі.
Александрға, оның отбасына және бүкіл командасына алдағы барлық жеке және кәсіби бастамаларында шын жүректен сәттілік тілейміз. WBO тарихындағы және бүкіл әлемдік бокс мұрасындағы орны мәңгілік», – делінген ұйымның мәлімдемесінде.
Бұған дейін украиналық боксшы Уордлимен жекпе-жектен бас тартса, белбеуден айырылатыны хабарланған болатын.