Әлімханұлы - тым қауіпті ме? Америкалық сарапшылар Кроуфордтың орта салмақтағы жетістігіне күмәнданады
Теренс Кроуфордтың ауырлау салмақ дәрежелеріне көтерілуі бокс қауымында үлкен талқылау туғызуда. Сауль «Канело» Альвареспен өтуі мүмкін жекпе-жек аясында сарапшылар америкалық жұлдыздың орта салмақты толықтай айналып өткеніне назар аударып отыр - дәл осы салмақта қазір WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы көш бастап тұр.
Boxingnews24 порталы бұл туралы ашық пікір білдірді. Олардың пікірінше, егер бұрынғы абсолют чемпион орта салмаққа көтеріліп, Әлімханұлымен қолғап түйістірсе, бұл айқастың нәтижесі Кроуфордтың пайдасына шешілмес еді. Бұған себеп - қазақстандық боксшының соққы қуаты мен техникалық артықшылығы.
«Жәнібек - тек чемпион ғана емес. Ол - қарсыласын рингте толықтай бақылауда ұстай алатын, қашықтықты дәл есептейтін және жекпе-жекті мерзімінен бұрын аяқтай алатын боксшы. Кроуфордқа ол Мадримовпен кездескеннен де қиын болар еді», - деп жазады басылым.
Жәнібек Әлімханұлы қазіргі орта салмақтағы ең қауіпті әрі тұрақты чемпиондардың бірі саналады. Ол 2025 жылдың сәуірінде Астанада өткен жекпе-жекте франциялық Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутпен жеңіп, өз атақтарын сәтті қорғаған болатын.
Ал Теренс Кроуфорд болса, келесі мақсаты ретінде суперорта салмақта титул иеленуді көздеп отыр. Бұл жолда оны Канело Альвареспен кездесу күтіп тұр.