Әлемнің бұрынғы чемпионы Амир Хан Жәнібек Әлімханұлының әлеуетін жоғары бағалады
Бірінші жартылай орта салмақта WBA тұжырымы бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы, британдық боксшы Амир Хан қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлын жоғары бағалады. Ол Жәнібектің соңғы жекпе-жегіне қатысты пікір білдіріп, оның болашағынан үлкен үміт күтетінін айтты.
«Жәнібек – керемет боксшы. Рингтегі жүрісі, өзін ұстауы маған қатты ұнайды. Оның бойында күш те, билік те бар. Мен оны құрметтеймін. Шынымды айтсам, оның болашағы зор екенін сеземін. Себебі ол мықты, жинақы және тәртіпті спортшы. Соңғы жекпе-жегінде қарсыласын бір-екі соққымен-ақ нокаутқа түсірді»,- деді Хан «Qazsport» телеарнасына берген сұқбатында.
Сәуір айында Жәнібек Әлімханұлы француз боксшысы Анауэль Нгамиссенгені бесінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атақтарын сәтті қорғады. Қазір оның есебінде 17 жекпе-жек пен 17 жеңіс бар, оның 12-сі нокаутпен аяқталған.