Кенже Мұратұлы Қазақстан чемпионатында мерзімінен бұрын жеңіске жетті
ФОТО: KBF
Алматы облысының атынан сынға түсіп жатқан қазақстандық боксшы Кенже Мұратұлы Қарағандыда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының 1/8 финалында сенімді жеңіске жетті.
54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ол Ұлытау облысының өкілі Елдар Әділмен кездесіп, алғашқы раундта қарсыласын екі рет нокдаунға жіберді. Осыдан кейін рефери жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды.
Айта кетейік, биылғы жылдың мамыр айында Кенже Мұратұлы 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанған болатын. Бұл турнир Астанада өткен еді.