Канелоның «бас ауруы» - Головкин бе? Альварес мансабындағы ең ауыр жекпе-жекті атады
Мексикалық бокс жұлдызы Сауль «Канело» Альварес тағы бір мәрте әлем бокс қауымдастығын елең еткізген есімді еске алды - Геннадий Головкин. Ол өзінің спорттық жолындағы ең күрделі жекпе-жектер туралы ой бөлісіп, талай мықтымен қолғап түйістіргеніне қарамастан, дәл қазақстандық боксшысымен болған айқастардың ешқашан есінен кетпейтінін айтты.
«Менің қарсыластарым аз болған жоқ. Бірақ ең қиыны - Флойд Мейвезер еді. Ал ең ауыр айқастар, сөзсіз, Геннадий Головкинмен өтті»,- деді Альварес.
Айта кетейік, Канело мен Головкин арасындағы үш кездесу де бокстың алтын парақтарына жазылды: алғашқысы тең аяқталып, қалған екеуінде төрешілер жеңісті Канелоға берді. Әр жекпе-жек айрықша драмамен өрбігені есте.
Дегенмен, Альварестің басқа сұраққа берген жауабы жұртты таңғалдырды. Рингтегі ең қауіпті панчер кім деген сауалға ол күтпеген жауап қайырды:
«Көпшілік Головкинді ең соққысы жойқын боксшы деп есептейді. Бірақ мен оның күшін Джеймс Кирклэндмен болған жекпе-жектегідей сезінбедім»,- деді Канело Million Dollaz Worth of Game подкастында.
Еске сала кетейік, Геннадий Головкин 2022 жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Оның кәсіби көрсеткіші - 45 жекпе-жек, 42 жеңіс (оның ішінде 37 нокаутпен), 2 жеңіліс және 1 тең ойын. Алайда ол мансабын ресми түрде аяқтаған жоқ. Ал Сауль Альварес келесі жекпе-жегін 13 қыркүйекте Лас-Вегаста өткізеді. Қарсыласы - америкалық Теренс Кроуфорд. Бұл кездесу екінші орта салмақта абсолют чемпион атағын анықтайтын шешуші шайқас болмақ.