«Үйреншікті жағдай». Әлімханұлының командасы допинг дауына неге дүрбелеңсіз қарап отырғанын түсіндірді
Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан допинг дауына байланысты туындаған сын толқынына пікір білдірді. Оның айтуынша, Жәнібекке қатысты көзқарастың күрт өзгеруі – үлкен спортқа тән қалыпты құбылыс.
Сұлтанның сөзінше, алғашқы жаңалықтар шыққан бойда-ақ Әлімханұлы бірқатар рейтингтерден алынып тасталды, ал медиа кеңістікте өзін «сарапшы» санайтындар көбейіп, боксшының мансабына үкім шығаруға асықты.
«Шын жанашырлық танытатындар бар, ал біреулер өзгенің қиыншылығына қуанады. Бокста бұл - үйреншікті жағдай. Қолдау да, хейтерлер де қатар жүреді. Біз бұған сабырмен қараймыз, жағдайды қолдан драмаландырып отырған жоқпыз», - деп айтты менеджер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салайық, Әлімханұлына қатысты допинг ісі А сынамасының оң нәтиже көрсетуімен байланысты. Қазіргі таңда команда В сынамасының ашылуын күтіп отыр. Дәл осы тексеріс істің түпкілікті шешімін айқындайды. Барлық рәсімдер аяқталмайынша, чемпионның лагері қандай да бір қорытынды жасауға асықпайтынын атап өтті.
Бұған дейін Берік Сұлтан Жәнібек Әлімханұлының болашағына қатысты да пікір білдірген болатын.