Головкиннің бұрынғы бапкері Юбэнк-кішіге қарсы жекпе-жектің өту ықтималдығын бағалады
Геннадий Головкиннің бұрынғы бапкері Джонатан Бэнкс, қазір Крис Юбэнк-кішімен жұмыс істеп жүрген маман, екі боксшы арасындағы жекпе-жектің өту ықтималдығына тоқталды.
«Головкин мен Юбэнк-кіші арасындағы жекпе-жек пе? Ондай кездесудің өтуі екіталай деп ойлаймын. Крис неліктен дәл осы жекпе-жекті қалайтынын толық түсінбеймін. Егер Геннадий расымен оралса, оның қарсылас таңдауына басқа да көптеген нұсқалар болады деп ойлаймын.
Егер Геннадий Крис Юбэнкпен жекпе-жекке келісіп, мені өзінің бұрышына шақыратын болса, мен міндетті түрде қасында боламын. Біз GGG-мен рингтен тыс та жақсы қарым-қатынастамыз, жақсы тіл табысып, араласамыз.
Бірнеше апта бұрын Том Леффлермен кездескен едім, бірақ ол Геннадийдің мүмкін болатын қайта оралуы жайында ештеңе айтқан жоқ. Күте тұрайық, қалай боларын көрейік. Бірақ егер сіз «Головкин бұрышында боласыз ба?» деп нақты сұрасаңыз, егер ол менің көмегіме мұқтаж болса, әрине, келісімімді беремін. Қарсыласы кім болса да, айырмасы жоқ», — дейді бапкердің сөзін Sports.kz келтіреді.
Еске сала кетейік, Головкин соңғы рет рингке 2022 жылдың қыркүйегінде шыққан болатын. Сол кезде ол үшінші рет өткен жекпе-жекте Сауль «Канело» Альвареске ұпай санымен жол берген. Алайда соңғы кездері рингке қайта оралуы мүмкін екенін айтып жүр.