Еркебұлан Тоқтар Ташкентте қарсыласын 72-ші секундта нокаутқа жіберді
Қазақстандық боксшы Еркебұлан Тоқтар кәсіби мансабындағы екінші жекпе-жегінде жанкүйерлерін қуантты.
Қазақстандық спортшы Ташкентте өткен бокс кешіне қатысып, Өзбекстан өкілі Тимур Никулинмен (9-1-2, 4 КО) қолғап түйістірді.
Жекпе-жек суперорта салмақта өтті және алты раундқа жоспарланған болатын.
Алайда, бұл айқастың тағдырын Тоқтардың бірінші раундта техникалық нокаутпен жеткен сенімді жеңісі шешті.
Алдымен төреші Никулинге нокдаун санап берді, ал Тоқтар басымдығын жалғастырған соң, қазақстандыққа уақытынан бұрын жеңіс берілді.
Осылайша, нокаут жекпе-жектің 72-ші секундында тіркелді!
Еркебұлан Тоқтар кәсіби рингтегі екінші жеңісіне қол жеткізіп, енді оның рекорды – 2-0, 1 КО.
Тимур Никулин болса, мансабында екінші рет жеңілістің ащы дәмін татты.
Айта кетейік, Тоқтар аралас жекпе-жекте де өнер көрсетеді, қазіргі таңда оның рекорды – 11-3. Жалпы, Еркебұлан күнделікті өмірде актер болып жұмыс істейді.