Елдана Тәліпова - бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері
ФОТО: Instagram
Қазақстандық боксшы Елдана Тәліпова Сербияда өткен әйелдер арасындағы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол +81 келі салмақта алғаш рет әлемдік деңгейде сынға түсіп, финалға дейін жетті.
Шешуші жекпе-жекте Тәліпова Қытай спортшысы Чжан Иляньмен кездесіп, үш раундтың қорытындысы бойынша төрешілер 4:1 есебімен жеңісті қарсыласына берді. Нәтижесінде ол турнирдің күміс жүлдегері атанды.
Бұл – Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы екінші күміс жүлдесі. Бұған дейін 60 келі салмақта Виктория Графеева финалға шығып, күміс медаль иеленген еді.
Жетістігі үшін Елдана Тәліпова 5 000 доллар көлемінде жүлде алды. Бұл нәтиже қазақстандық әйелдер боксындағы үлкен жетістіктердің бірі болды.