Екі дүркін әлем чемпионы тағы да назардан тыс қалды: Жәнібек Әлімханұлы ESPN рейтингінен үздік орын алмады


Әлемге танымал ESPN спорттық порталы барлық салмақ дәрежелерін біріктіретін үздік боксшылардың жаңартылған рейтингін жариялады. Алайда бұл жолы да қазақстандық чемпион Жәнібек Әлімханұлының есімі тізімде аталмады. Кәсіпқой рингте 17 жеңіске (оның 12-сі нокаутпен) жетіп, WBO мен IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанғанына қарамастан, Жәнібек тіпті үздік ондыққа енбеген.
Тізімнің басында әлемдік бокстың мәңгілік жұлдыздары - Александр Усик, Наоя Иноуэ, Теренс Кроуфорд, Сауль Альварес сынды есімдер тұр. Ал әлемдік аренаның үшінші белбеуіне шығуға жақын тұрған қазақстандық боксшы тағы да көлеңкеде қалды.
Айта кетерлігі, Boxrec платформасында жағдай мүлде басқаша. Астанада өткен бокс кешінде әсерлі нокаутпен жеңіске жеткен Жәнібек өз позициясын едәуір нығайтып, әлемдік рейтингте сенімді түрде жоғары көтерілуін жалғастыруда.