Допинг пе, әлде қастандық па? Қазақстанның үздік боксшысы Әлімханұлының ісіне қатысты пікір білдірді
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының атына байланысты туындаған допинг дауына қатысты ойын ашық айтты. Боксшының айтуынша, бұл жаңалық оны қатты таңғалдырған әрі жоспарланған ірі жекпе-жектің өтпей қалуы көңілін түсірген.
«Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Оның жекпе-жегін өте күтіп жүрген едім. Таңертең оянып, барлық жаңалықта осы тақырыпты көрдім. Шынымен көңілім түсіп кетті. Мұнда да белгілі бір ішкі саясат бар сияқты. Мүмкін, Жәнібектің дәл Ларамен жұдырықтасуын қаламаған шығар. Ал бұл жекпе-жекті дұйым жұрт күтіп отырды», - деді Қызайбай Tengri Sport-қа берген сұқбатында.
Назым Қызайбай Жәнібек Әлімханұлымен жеке таныс екенін айтып, оның әдейі осындай тәуекелге барғанына сенбейтінін жеткізді.
«Менің ойымша, Жәнібек секілді деңгейдегі спортшылар мұндай қадамға саналы түрде бармайды. Біз өзіміз әуесқой болсақ та, рұқсат етілмеген ештеңе қолданбаймыз, бірақ допинг тапсыратын кезде бәрібір алаңдайсың. Ал кәсіби спортта бақылау одан да қатаң. Сондықтан ол өз еркімен мұндай тәуекелге барады деп ойламаймын. Мүмкін, біреулер әдейі жағдай жасаған болар немесе техникалық қате кеткен шығар», – деп қосты ол.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы желтоқсан айының басында шықты. Оның сынамасынан тыйым салынған заттың ізі анықталған соң, АҚШ-та өтуі тиіс Эрисланди Лараға қарсы жекпе-жек жедел түрде тоқтатылған болатын.
Жәнібек Әлімханұлы қазақстандық кәсіпқой бокстың басты тұлғаларының бірі болып қала береді. Орта салмақтағы әлем чемпионының кәсіби рекорды әлі де мінсіз. Ол соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде өткізіп, француз Нгамиссенгеден сенімді түрде басым түскен еді.