«Дисквалификациялап, барлық атағынан айыру керек». АҚШ-та Әлімханұлына қатаң жаза талап етілді
Жәнібек Әлімханұлының атына байланысты допинг дауы күн өткен сайын үдей түсуде. Бұл жолы жағдайға әлемдік бокстың ең ықпалды сарапшылары да араласты. The Ring және Saturday Night Boxing басылымдарының танымал авторы, бірқатар кәсіби қауымдастықтардың мүшесі Адам Абрамовиц өз көзқарасын ашық білдіріп, мәселені барынша тік айтты.
Абрамовицтің пікірінше, егер тыйым салынған заттың қолданылғаны расталса, жазалау шаралары барынша қатаң болуы тиіс.
«Жаза өте қатал болуы керек. Егер талдау нәтижесі расталса - Әлимханұлы барлық титулдарынан айырылады. Бұл тек белбеулерге қатысты емес, дисквалификация да қарастырылуы тиіс», - деді сарапшы Prosports.kz басылымына берген түсініктемесінде.
Еске салайық, 2 желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлының допинг-тестінде мельдонийдің іздері анықталғаны белгілі болды. Осы оқиғадан кейін АҚШ-та жоспарланған тарихи біріктіру жекпе-жегі - Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы айқас - бірден күн тәртібінен алынып тасталды.