Чемпионның құлдырауы. Допинг дауы аясында Әлімханұлы рейтингтен алынып тасталды
Жәнібек Әлімханұлының айналасындағы жағдай тағы бір жаңа кезеңге өтті. The Ring журналының жаңартылған рейтингінде қазақстандық боксшы орта салмақтағы үздіктер тізімінен алынып тасталды. Бұған дейін «Қазақ стилі» дивизион көшбасшыларының қатарында болған еді, алайда қазір оның есімі рейтингте мүлде кездеспейді.
Бұл шешім жалғасып жатқан допингтік тексеріс аясында қабылданды. Еске салсақ, бұған дейін Жәнібек Әлімханұлының А сынамасынан тыйым салынған заттың ізі табылып, соның салдарынан Эрисланди Ларамен өтуі тиіс біріктіруші жекпе-жек тоқтатылған болатын.
Істің шешуші кезеңі 8 қаңтарға жоспарланған. Дәл осы күні В сынамасы ашылып, оның қорытындысы Жәнібек Әлімханұлының кәсіби мансабындағы алдағы тағдырын айқындайды.
Жәнібек Әлімханұлы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың 5 сәуірінде өткізіп, француз боксшысы Нгамиссенгені сенімді түрде жеңген еді. Қазіргі таңда оның кәсіпқой рингтегі рекорды мінсіз күйінде қалып отыр - 17 жеңіс, оның 12-сі нокаутпен, бірде-бір жеңіліс жоқ.