Бивол Бетербиевтің не себепті қол алысудан бас тартқанын түсіндірді
Жартылай ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атанған ресейлік боксшы Дмитрий Бивол реванштан кейін Артур Бетербиевтің не себепті қол алысудан бас тартқанын айтып берді.
Бивол Бетербиевті төрешілердің шешімімен (114-114, 116-112, 115-113) жеңіп, абсолютті чемпиондық атақты иеленді. Бұл жеңіліс Бетербиевтің кәсіби мансабындағы алғашқысы болды. Бұған дейін ол 21 жекпе-жек өткізіп, оның 20-сын нокаутпен аяқтаған.
Жекпе-жектен кейін Бивол қарсыласына құрмет көрсетіп, қолын алуға ниет білдіргенімен, күтпеген жауап алды.
“Мен оған: “Артур, мен сізді қатты құрметтеймін. Жас кезімде ұлттық құрамаға келгенде, сізге қарап үлгі алатынмын. Осы жекпе-жек үшін алғыс айтамын”. дедім. Біз қол алыстық, ол да: “Бұл – спорт. Сен де мықты боксшысың” деді. Кейін ол маған қайта келіп: “Қазір қол алмаймын, себебі бізде үшінші жекпе-жек болады” деді”, – деп бөлісті Бивол баспасөз мәслихатында.
Биволдың айтуынша, Бетербиев бұл сөздерді ешқандай менмендіксіз, құрметпен жеткізген.
Осылайша, екі боксшы арасындағы тартысты жекпе-жектің үшінші бөлімі өтуі мүмкін. Айта кетейік, бұған дейін біз Артурдың екінші жекпе-жекке шыққысы келмегенін хабарлаған болатынбыз.