«Бес адам допингпен ұсталды»: Бенавидес Канелоның командасына жүйелі түрде тыйым салынған заттарды қолданады деп айып тақты


Жартылай ауыр салмақта WBC нұсқасы бойынша әлем чемпионы саналатын Дэвид Бенавидес мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альвареске ауыр айыптар тақты.
Clocked N’Loaded атты YouTube арнасына берген сұхбатында 28 жастағы америкалық спортшы Канело мен оның командасы бұлшық ет массасын арттыру үшін тыйым салынған заттарды қолданады деп мәлімдеді.
- «Егер ол өз күшіне шынымен сенімді болса, менімен жекпе-жектен бас тартпас еді. Бірақ сенім қайдан болсын, егер оның бүкіл командасы стероидта отырса? Ол ешқашан оларды қолдануды тоқтатқан емес. Оның айналасындағы бес адам допингпен ұсталды. Бұл бір нәрсені білдіреді», - деді Бенавидес.
Айта кетейік, Сауль Альварес - екінші орта салмақта абсолютті әлем чемпионы. Келесі жекпе-жегін ол 2025 жылдың 13 қыркүйегінде өткізеді. Қарсыласы - екі салмақтағы бұрынғы абсолютті чемпион Теренс Кроуфорд.
Дэвид Бенавидестің кәсіпқой рингтегі көрсеткіші әсерлі — 30 жеңіс және бірде-бір жеңіліс жоқ. Ол Канеломен жекпе-жек өткізгісі келетінін бірнеше рет мәлімдеген, алайда олардың кездесуі әлі күнге дейін жүзеге аспады. Бұл жағдай жанкүйерлер арасындағы қызығушылық пен пікірталасты одан әрі күшейтуде.