Бангкок бағынбады: Тортубек шешуші айқаста алтыннан қағылды
Бангкокта өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионаты қазақстандық боксшы Әділет Тортубек үшін өкінішті нотада аяқталды. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол сенімді түрде финалға жолдама алып, шешуші жекпе-жекте ирандық Али Чехреганимен қолғап түйістірді.
Белдесу алғашқы секундтардан-ақ шиеленісті өтті. Тортубек өзіне тән жоғары қарқынмен жұмыс істеп, қарсыласын қыспаққа алып, бірінші нөмірмен ойнауға тырысты. Дегенмен Чехрегани өткір қарымта шабуылдармен жауап беріп, әр раундты тактикалық айқасқа айналдырды. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің шешімі бөлінді – жеңіс ирандық боксшыға берілді.
Соған қарамастан, Әділет беделді World Boxing ұйымы аясындағы U-19 турнирінің күміс жүлдегері атанды.
Айта кетсек, осы жарыста Қазақстан алғашқы алтын жүлдесін бұған дейін Құралай Егiнбайқызы еншілеген еді. Ол өз салмақ дәрежесінде жеңіске жетіп, ұлттық құраманың алтын қорын ашқан болатын.