Қазақстанның ең тартымды спортшысы ел Президентіне үндеу жолдады
IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы, WBC рейтингінің көшбасшысы Ангелина Лукас әлеуметтік желіде Қасым-Жомарт Тоқаевқа арнаған ашық хатын жариялады. Спортшының айтуынша, бірнеше жыл бойы оның жеңістері мен жетістіктерін елемей, бағасын түсіруге бағытталған ақпараттық науқан жүргізіліп келеді.
«Ұзақ уақыттан бері еліміздің кейбір бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан маған қарсы ақпараттық шабуыл ұйымдастырылып келеді: жеңістерімді жоққа шығарып, жетістіктерімді бұрмалап, көлеңке түсіруге тырысуда. Мұның артында белгілі бір адамдар тұрғанына сенімдімін. Барлығы әдейі жасалып, менің табыстарымды жасырып, Сіздің, құрметті мемлекет басшысы, олардан хабардар болмауыңызды көздеп отыр. Менде басқа жол қалмады, сондықтан Сізге тікелей жүгінуге бел будым. Бұл – жүрек сырым, жан айқайым», – деп жазды Лукас.
Ол қазақстандық әйелдер боксы тарихында алғаш болып WBC рейтингінде бірінші орынға көтерілгенін және бүгінде абсолютті әлем чемпионы атағына міндетті үміткер екенін атап өтті. Алайда, тарихи жетістікке қарамастан, ресми құттықтау да, марапат та алмағанын айтты.
«Барлық жеңістерім мен жетістіктерімнен кейін ешкімнен марапат та, тіпті құттықтау да болған жоқ. Осы жағдайға назар аударып, абсолютті әлем чемпионы атану жолында қолдау көрсетуді сұраймын. Бұл – тек менің мақсатым емес, күллі Қазақстанның әлемдік бокс тарихына енуге берілген мүмкіндігі»,-деді ол.
Айта кетейік, Лукас соңғы жекпе-жегін 1 маусым күні Таразда өткізіп, (15-1, 7 КО) екінші жеңіл салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады. Ол чилилік Даниэла Асенхоға (17-4-3, 2 КО) екінші рет үстемдік танытты.