Қазақстандықтар Thailand Open-2025 турнирінің күндізгі сессиясында үш жекпе-жектің біреуінде жеңіске жетті
Бангкоктағы жарыстың ширек финалында біздің боксшылар екі рет жеңіліп, бір рет жеңіске жетті
ФОТО: Sports.kz
Таиландтың Бангкок қаласында өтіп жатқан Thailand Open-2025 халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасының боксшылары өнер көрсетіп жатыр.
Күндізгі сессия аясында ширек финалда үш қазақстандық боксшы шаршы алаңға шықты. Олардың ішінде тек Данияр Рахымбердиев (90 кг) жеңіске жетті — ол украиналық Евгений Павловскийді төрешілердің бір ауызды шешімімен ұтты.
Ал қалған екі жекпе-жекте Оразбек Асылқұлов (60 кг) тайландтық Тханпхансакон Каласираға төрешілердің шешімімен жол берді, Назерке Серік (65 кг) тайландтық Таная Сомнуекке 0:5 есебімен жеңілді.
Айта кетейік, кешкі сессия елорда уақыты бойынша 15:00-де басталады. Онда Қазақстаннан тағы үш боксшы сынға түседі. Thailand Open-2025 турнирі 24 мамырда басталып, 1 маусымда аяқталады.