Қазақстан боксындағы билік ауысымы: неге Сәрсекбаев бас бапкерлікке біртабан жақын?
Қазақстан құрамасында бапкерлік тағдыр шешілер кезеңге таяды. Sportarena.kz мәліметінше, Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық құраманың бас бапкерін алмастыру мәселесін талқылап отыр. Қазіргі таңда команданы Қайрат Сәтжанов бастап келеді. Дегенмен, бапкерлік қызметтің ауысуы күн тәртібінен түскен жоқ, ал осы тақырып аясында Бейжің-2008 Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаевтың есімі жиі атала бастады.
Париж Олимпиадасындағы сәтсіздіктен соң Сәтжанов құрама тізгінін қолға алып, біртіндеп тұрақтылық орнатты: Азия чемпионатында, «Странджа» кубогында және Thailand Open жарыстарында жүлде қоржынын толтырды. Астанада өткен Әлем кубогында жалпы есепте бірінші орын иеленді. Соған қарамастан, министрлік өкілдері мұндай нәтижеге көңілдері толмайтынын білдіріп отыр. Олардың ойынша, қазіргі бапкерлік құраммен 2028 жылғы Олимпиадада Өзбекстан мен Кубаға лайықты қарсылас атану қиын.
2025 жылы жастар мен резервтік құрамаға жетекшілік еткен Бақыт Сәрсекбаев алғашқы күннен-ақ өзін көрсетіп үлгерді: U-22 Азия чемпионатында шәкірттері үш алтын, екі күміс медаль еншіледі. Дегенмен, алтын саны бойынша Өзбекстаннан екі есеге қалып қойды. Соған қарамастан, министрлікте оның харизмасы мен Олимпиада чемпионы ретіндегі беделі ұлттық құраманы жаңа серпінге жетелейді деген сенім басым.
Дереккөздерге сүйенсек, бапкерлік орыннан ауысу биылғы күздің өзінде жүзеге асуы ықтимал. Маңыздысы – бұл мәселе қазіргі нәтижелерге қарамастан талқыланып отыр. Шын мәнінде, бұл жағдайды нағыз «орындық үшін күрес» деуге болады: Сәтжанов қызметін жалғастырып жатқанымен, оның орны күн өткен сайын шайқалып барады, ал Сәрсекбаев ұлттық құрамаға барған сайын жақындай түсуде.