Қазақстан құрамасының бас бапкері Әлиев: Абат Айымбетовтің клубындағы жағдай – белгісіз
Қазақстан құрамасының бас бапкері Әли Әлиев Sports24.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында Беларусь құрамасымен өтетін алдағы матчқа жоспарларымен, ұлттық құраманың алдағы ойындарына қойылған мақсаттарымен бөлісіп, сондай-ақ шабуылшы Абат Айымбетовтің денсаулығы туралы пікір білдірді.
– Әли, Беларусь құрамасына қарсы алдағы матчқа қандай мақсаттар қойылып отыр?
– Бірінші және ең басты мақсат – нәтиже. Одан кейін жанкүйерлердің ойыннан, ойыншылардың ынтасынан эмоция алып, разы болғанын қалаймыз. Бапкерлік штаб сол күні барынша жақсы күйде болуы тиіс.
– Қарсылас туралы не айта аласыз? Оның күшті және әлсіз тұстары қандай?
– Қазір Еуропада әлсіз қарсылас жоқ. Әрқайсысы қауіпті және мықты. Беларусьпен өтетін жолдастық ойынды біз Македониямен болатын матчқа дайындық ретінде қарастырып отырмыз – құрамдағы барлық ойыншыларды көріп, олардың тапсырманы қалай орындайтынын, физикалық және психологиялық дайындығын бағалауымыз қажет. Беларусь соңғы ойындарында Әзірбайжан мен Тәжікстанды сырт алаңда жеңді. Сондықтан Македониямен болатын ресми кездесудің алдында бұл – лайықты қарсылас. Македония бізге жақсы таныс – құрамында жұлдыздар бар, олар ойнайтын командалардың деңгейі өзі-ақ бәрін айтып тұр. Мысалы, Элиф Элмас – бүкіл шабуыл ойындары соның төңірегінде құрылады. Бұл – Балқан стиліндегі команда, физикалық тұрғыда мықты, қанаттан берілетін пастар мен стандарттарда қауіпті. Сол себепті бізге барынша зейінді әрі физикалық тұрғыда дайын болу керек.
– Беларусь құрамасында, Македониядағыдай, ерекше қауіп төндіруі мүмкін ойыншы бар ма?
– Кез келген ойыншы ойында күтпеген тосынсый жасай алады. Сондықтан әрбір футболшыға құрметпен қарап, оның алаңға шығуының өзіндік мәні мен тапсырмасы бар екенін ескеруіміз керек.
– Жаңа тактикалық идеяларды енгізу жоспарланып отыр ма?
– Әрине, тактикалық идеялар болады. Қарсыластар әртүрлі, олардың әрқайсысының өзіне тән күшті және әлсіз жақтары бар. Біз оларды дұрыс талдап, тиісті шешім қабылдауға тырысамыз.
– Соңғы ойындарда құраманың бірнәрсе жетіспей жатқандай әсер қалдырады. Бұл туралы сіздің ойыңыз қандай?
– Бүгінгі таңда ҚФФ тарапынан қойылған міндеттерді орындау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Оқу-жаттығу жиындары бойынша біз өте жақсы жағдайда дайындалып жатырмыз. Сондықтан бапкерлер штабы мен ойыншылар тарапынан барынша шоғырланып, физикалық тұрғыда дайын болуымыз керек. Осы арқылы техникалық және тактикалық қателіктерді өтеуіміз қажет. Бұл – қазіргі таңда аса маңызды. Қарсыластарымыз күрделі, ал олармен өтетін матчтарда гол соғатын мүмкіндіктер аз болуы мүмкін. Сол себепті жасаған мүмкіндіктерімізді тиімді пайдаланып, қарсыластың ойын идеясын бұзуға дайын болуымыз керек.
– Қай ойын компоненттері бойынша ерекше жұмыс істеу қажет деп санайсыз?
– Барлық қасиеттер бойынша жұмыс істеу керек – әрдайым. Демалыс кезінде де дайындықты ұмытпау қажет. Құрамадағы және үміткер ойыншылар физикалық, психологиялық дайындық пен ойын ұйымшылдығы – ең маңызды компоненттер екенін түсінуі керек. Жігіттер өз клубтарында ойнайды, әр клубтың өз міндеті мен талабына бағынады. Сондықтан клубтық тапсырмадан құрамадағы талаптарға жылдам бейімделу – басты мәселе.
– Жақында Қазақстан құрамасының кеңейтілген тізімі жарияланды. Онда алғаш рет шақырылған футболшылар бар. Қорытынды тізімде жаңа есімдер көреміз бе?
– Құрамда әрқашан жаңа есімдер пайда болуы мүмкін. Біз бұған дейін де талай рет айтқанбыз – модельдік талаптарға сәйкес келетін ойыншы жасы маңызды емес, міндетті түрде құрамда болады. Бірақ ұмытпау керек, бірінші кезекте нәтиже тұрады. Сарапшылар мен мамандар ойыншыларды соған қарап бағалайды. Жаңа, әсіресе жас ойыншыларда барлық қажетті қасиет болуы мүмкін, бірақ халықаралық ойындардағы тәжірибе – мүлде басқа деңгей, сондықтан бұл тепе-теңдікті ескеру қажет.
– Ойыншылардың физикалық дайындығы туралы айтып берсеңіз. Команда матчқа қаншалықты дайын?
– Бапкерлік және медициналық штабтар клубтардағы мамандармен үнемі байланыста. Бұл үшін клубтарға тағы бір рет алғыс айтамыз – қолдау мен өзара әрекет үшін. Ойыншылардың атқарған жұмысы мен жағдайы туралы есептер бізде бар. Кейбір ойыншыларды біз тіпті онлайн режимде бақылап отырмыз. Жалпы алғанда, барлық ойыншы бойынша мәлімет бар, тек Абат Айымбетов қана ерекшелік. Оның клубында жағдай қиын: бапкерлер ауысты, тағы басқа мәселелер бар. Сондықтан оның көрсеткіштері мен дайындығы туралы мәлімет алу қиын. Біз тек оның ойынына қарап баға беріп отырмыз.
– Егер матч барысында есепте артта қалсаңыздар, құраманың қандай тактикалық жоспары бар?
– «Б» жоспары кез келген бапкер мен ойыншыда бар. Ешкім жеңілгісі келмейді – барлығы жағдайды түзеу үшін қолдан келгенін жасауға тырысады: гол соғу, қорғану. Бірақ біз қуа жетуші рөлінде болғымыз келмейді. Сондықтан дайындықтың алғашқы күнінен бастап барынша зейінді, жеке де, командалық тапсырмаларға да мұқият болу керек. Құрама ойыншысы деген – үлкен міндеттерді шешуге әрдайым дайын болуы тиіс.