«Мен Даниярға сенемін»: Мерей Ақшалов Елеусиновты қолдады
Қазақстандық боксшы Мерей Ақшалов Алматы халықаралық әуежайындағы оқиғадан кейін Олимпиада чемпионы Данияр Елеусиновты қолдады. Ол Елеусиновпен бірге түскен суретін жариялап, әлеуметтік желіде үндеу жазды, деп хабарлайды Sports24.kz.
Мерей Ақшалов әлеуметтік желіде Данияр Елеусиновпен бірге түскен суретін жариялады. Жазбасында боксшы заң талаптары мен тәртіп спортта да, өмірде де баршаға бірдей болуы керектігін атап өтті. Сонымен қатар Ақшалов қиын жағдайға тап болған Елеусиновты қолдағысы келетінін мәлімдеді.
Оның айтуынша, Данияр — Олимпиада чемпионы әрі Қазақстанның туын талай мәрте көкке көтерген, елге еңбегі сіңген спортшы.
Ақшалов әр адам қателесуі мүмкін екенін, алайда ең бастысы — дұрыс қорытынды шығару екенін атап өтті.
«Спортта да, өмірде де заң талаптары мен тәртіп баршаға бірдей. Бұл әр азамат үшін басты қағида болуы керек. Соған қарамастан, қазір қиын жағдайға тап болған бауырым Данияр Елеусиновке қолдау білдіргім келеді. Данияр — Олимпиада чемпионы, еліміздің туын талай мәрте көкке көтерген, елге еңбегі сіңген спортшы. Барлығымыз да адамбыз, бұл өмірде қателесуіміз мүмкін. Ең бастысы — қателіктерімізден дұрыс қорытынды шығару. Мен Даниярға сенемін. Оған осы қиын кезеңнен абыроймен өтіп, еліміздің спортын дамытуға өз үлесін қоса беруін тілеймін», — деп жазды Ақшалов.
Еске салайық, бокстан Олимпиада чемпионы Данияр Елеусинов Алматы халықаралық әуежайында болған оқиғадан кейін 10 тәулікке қамауға алынды. Оқиғаға қатысты ақпаратқа сәйкес, Алматы — Астана бағытындағы рейске отыру кезінде ер адам әуе кемесінен өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткен және қауіпсіздік талаптарын бұзған. Оқиғаға байланысты тиісті рәсімдерді өткізу үшін жолаушылар ұшақтан шығарылып, рейстің ұшуы кешіктірілді.