«Егер мұны менен тартып алса, қайта оралып, тағы да жеңемін!»: Қазақстанның Азия ойындарындағы алтынына наразылық білдірілді
Қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы нәтижесіне наразылық білдірілді. Бұған спортшының марафондық спорттық жүріс финалында киген аяқ киімі себеп болған, деп хабарлайды Sports24.kz.
Қазақстандық спортшыға әйелдер арасындағы марафондық спорттық жүріс финалынан кейін наразылық берілді. Әңгіме Ясмина Тоқсанбаеваның жарыс барысында киген аяқ киім үлгісі туралы болып отыр. Қазір жеңіл атлетиканың халықаралық федерациясы World Athletics бұл аяқ киімнің рұқсат етілген модельдер тізіміне кіретін-кірмейтінін тексеріп жатыр. Жарыстың ресми сайтындағы финал хаттамасында «Protested» деген белгі пайда болды. Бұл «Наразылық білдірілді» дегенді білдіреді.
Соған қарамастан, хаттаманың өзінде Ясмина Тоқсанбаева әлі де жарыс жеңімпазы ретінде көрсетілген. Қазақстандық жеңіл атлет қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта бағындырды. Екінші болып Қытай өкілі Даньчжэнь Гоцзун 3:26.09 нәтижесімен мәре сызығын кесті. Үшінші орын тағы бір қытайлық спортшы Ма Лиге бұйырды — 3:32.26.
Айта кетейік, қазіргі таңда Тоқсанбаеваның нәтижесі 2026 жылғы Азия ойындарының жалпы медальдық есебіне енгізілген жоқ. Ойындардың ресми сайтында Қазақстан қоржынында тоғыз алтын, тоғыз күміс және 21 қола медаль бары көрсетілген. Қазақстан құрамасы медаль кестесінде бесінші орында тұр.
Осылайша, Қазақстанның ықтимал оныншы алтыны әзірге ресми есепке қосылған жоқ. Бұған қазақстандық спортшының аяқ киіміне қатысты наразылықтың қаралуы себеп болып отыр. Алайда Тоқсанбаеваның нәтижесін қайта қарау немесе оны дисквалификациялау туралы ресми ақпарат әзірге жоқ. Хаттамада ол әлі де финал жеңімпазы ретінде көрсетілген.
Наразылық білдірілгені туралы ақпарат тарағаннан кейін Ясмина Тоқсанбаева әлеуметтік желіде пікір білдірді.

Спортшы өзін қолдап жатқан барша жанға алғыс айтып, қазір Қазақстанның қолдауы оған ерекше маңызды екенін атап өтті.
«Барлығы да Жаратушының қалауымен! Мені қолдап, жанымнан табылып жүрген және тек жанымда ғана емес, әрдайым қолдау көрсететін барлық адамға миллион рет алғыс айтамын. Рақмет, Қазақстан! Қазір маған сіздердің қолдауларыңыз ауадай қажет. Бүгін біз Азияның жаңа рекордын орнаттық, бүгін біз тарихты қайта жаздық! Егер мұны менен тартып алса, қайта оралып, тағы да жеңемін!» — деп жазды Тоқсанбаева.
Енді Тоқсанбаеваның нәтижесінің түпкілікті мәртебесі World Athletics шешіміне байланысты болады. Егер наразылық қанағаттандырылмаса, Қазақстан Азия ойындарындағы оныншы алтын медалін ресми түрде алады. Ал шешім спортшының пайдасына шықпаса, нәтиже қайта қаралуы мүмкін.
Еске сала кетейік, 21 жастағы қазақстандық үшін бұл жеңіс мансабындағы ең маңызды жетістіктердің біріне айналды. Тоқсанбаева бірнеше маусым бойы елдің спорттық жүрістегі үздік өкілдерінің қатарында келеді және ірі халықаралық жарыстарда тұрақты түрде өнер көрсетіп жүр. 2026 жылғы наурызда ол Жапонияның Номи қаласында өткен спорттық жүрістен Азия чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Сол кезде жартылай марафондық қашықтықта Қазақстан өкілі 1:37:17 уақыт көрсетіп, тек қытайлық Чжан Тиннен ғана қалып қойды. Ал бір жыл бұрын Тоқсанбаева 20 шақырымдық қашықтықта өткен Азия чемпионатында жүлдеге ілікті. Ол 1:32:22 нәтижесімен үшінші орын алып, жеке рекордын жаңартты.