Қазақстандық биатлоншылар Әлем кубогында жақсы нәтиже көрсетті
Биатлоннан Қазақстан ерлер құрамасы Аустрияның Хохфильцен қаласында өткен Әлем кубогының екінші кезеңінде эстафетада 15-орын алды.
Жексенбі күні өткен командалық жарыс бағдарламаны қорытындылады. Ерлер эстафетасы 4 × 7,5 км қашықтықтан тұрды. Қазақстан құрамасы сапында Александр Мухин, Владислав Киреев, Вадим Куралес және Әсет Дүйсенов өнер көрсетті. Спортшылар сегіз атыс шебінде айып шеңберінен аулақ болып, 12 қосымша оқ қолданды және 15-ші орынға тұрақтады. Жеңімпаздардан қазақстандықтар 5 минут 7,1 секундқа артта қалды.
Эстафетада Франция құрамасы жеңіске жетті. Олардың сапында Фабьен Клод, Кентен Фийон-Майе, Эрик Перро және Эмильен Жаклен өнер көрсетті. Күміс жүлдені Норвегия құрамасы (Стурла Легрейд, Тарьей Бё, Йоханнес Бё және Вебьерн Серум) жеңіп алды. Қола жүлдені Швеция командасы (Виктор Брандт, Йеспер Нелин, Мартин Понсилуома және Себастьян Самуэльссон) иеленді.