UFC-тің Қазақстандағы алғашқы турнирінің өтуі мүмкін күні аталды
Қазақстан тарихындағы алғашқы Абсолютті жекпе-жек чемпионаты (UFC) турнирі 1 мамырда Алматыда өтуі мүмкін, деп хабарлайды Sports24.kz «Вестник ММА» инсайдерлік Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Дереккөздің мәліметінше, Қазақстан аумағында өтетін UFC дебюттік турнирінің қаласы ретінде Алматы қарастырылып жатыр. Іс-шараның болжамды күні — 1 мамыр.
Дегенмен UFC әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ұйым жарыстың өтетін күнін де, орнын да, болашақ турнирге қатысушылар құрамын да растаған жоқ. Ақпарат расталса, Қазақстан аралас жекпе-жектен әлемдегі ең ірі промоушеннің турнирін тарихта алғаш рет қабылдайды.
Еске салайық, 19 қарашада Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елдің UFC-пен белсенді келіссөз жүргізіп жатқанын растаған еді. Министрдің айтуынша, ұйымның Қазақстандағы алғашқы турнирін өткізу 2027–2028 жылдарға жоспарланып отыр.
Бұған дейін Қазақстанның ұлттық ММА федерациясының президенті Сағындық Мекеев те елде халықаралық жарыстар өткізу мүмкіндігіне қатысты пікір білдірген. Ол UFC турнирі Алматыда өтуі мүмкін екенін, ал Астана ірі бокс кешін қабылдай алатынын айтты.
«Алматыда UFC, ал Астанада бокс өтуі мүмкін. Көре жатармыз», — деді Мекеев.
Алматыда өтуі ықтимал турнир қазақстандық аралас жекпе-жек жанкүйерлерінің зор қызығушылығын тудыруы мүмкін. UFC-де Қазақстанның бірнеше өкілі, соның ішінде Шавкат Рахмонов, Асу Алмабаев және Дияр Нұрғожай өнер көрсетіп жүр. Өз алаңындағы ықтимал турнирге қатысуы ең көп күтілетін файтерлердің бірі — жарақатынан айығып жатқан, жеңіліп көрмеген жартылай орта салмақтағы Шавкат Рахмонов. Жанкүйерлердің назарын жақында Дохада өткен UFC турнирінде жекпе-жек өткізген Асу Алмабаев пен Дияр Нұрғожайдың өнер көрсетуі де аударуы мүмкін.
- Сондай-ақ оқыңыз: Қазақстандағы UFC: октагон қанша тұрады және елге не қалады
Алайда қазірге дейін Алматыда өтуі мүмкін UFC турниріне қазақстандық файтерлердің қатысатыны туралы ақпарат жоқ.