Флорентино Перес Қайрат Боранбаевқа күтпеген сый жасады
«Қайрат» футбол клубының бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев мадридтік «Реалдың» президенті Флорентино Переспен кездесті. Қазақстандық функционер Instagram желісінде бірге түскен суретін жариялап, испан алпауыты басшысының жеке шақыртуы туралы айтты, деп хабарлайды Sports24.kz.
Боранбаевтың айтуынша, кездесу оның Мадридке жасаған жұмыс сапары кезінде өткен. Ол Испания астанасына УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары (UEFA Social & Environmental Sustainability Committee) ретінде барған. Ал Флорентино Переспен жеке кездесуге «Реал» президентінің шақыруы себеп болған.
Боранбаев өткен жылы мадридтік клубтың «Қайратқа» қарсы Чемпиондар лигасының матчына Алматыға келгенін, алайда Перестің сол кезде Қазақстанға келе алмағанын еске салды.
«Өткен жылы «Реал Мадрид» Алматыға толық құрамымен келді. Сол кезде клуб президенті Флорентино Перес ұшып келе алмады, сондықтан бұл жолы мені өзіне қонаққа шақырды. Мадридке УЕФА-ның әлеуметтік және экологиялық тұрақтылық комитеті төрағасының екінші орынбасары ретінде жұмыс бабымен келдім», - деп жазды Боранбаев.
Испания астанасында болған кезінде қазақстандық функционер мадридтік «Реал» мен «Сельта» арасындағы матчты да тамашалады. Боранбаев Флорентино Переспен футбол жайында сөйлесуге мүмкіндік туғанын айтты. Бұған қоса, испан клубының президенті қонағына KAIRAT деген жазуы бар жейде сыйлады.
«Келесі күні «Реал Мадрид» пен «Сельта» матчына бардым. Президентпен футбол жайында сөйлестік, ол маған KAIRAT 1 деген жазуы бар жейде сыйлады. Мұндағы «нөмір бірінші» кім екенін білмеймін: мен бе, әлде «Қайрат» футбол клубы ма? Екінші нұсқа шығар деп ойлаймын. Бірақ жейдені өзіме қалдырамын», - деді Боранбаев.
Боранбаев алматылық команданың дамуы мен Чемпиондар лигасындағы өнеріне де ерекше тоқталды. Былтыр «Қайрат» өз тарихында алғаш рет Еуропадағы басты клубтық турнирдің жалпы кезеңіне жолдама алды. Онда оның қарсыластарының бірі мадридтік «Реал» болды. Әлемдегі ең атақты клубтардың бірімен өткен матч Қазақстан футболы үшін маңызды оқиғаға айналып, алматылық командаға еуропалық алпауытпен күш сынасу тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді.
Боранбаевтың пікірінше, өткен бір жылда «Қайрат» футбол алаңында ғана емес, халықаралық байланыстар тұрғысынан да айтарлықтай ілгеріледі.
«Бір жылдың ішінде «Қайрат» футбол клубы Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ойындарынан бастап, әлемдегі ең ұлы клубтардың бірінің президентінен жылы сөз еститін деңгейге жетті. Бұл — академиямыз бен біз қалыптастырып жатқан жүйенің жемісі. Ал біз енді ғана бастаймыз!» - деп түйіндеді Боранбаев.
Осылайша, Флорентино Переспен кездесу Чемпиондар лигасындағы «Қайрат» пен «Реалдың» тарихи текетіресінен кейін клуб басшыларының таныстығын жалғастырды.