UFC on ESPN 63 турнирінде Колби Ковингтон мен Хоакин Баклидің гонорарлары белгілі болды
15 желтоқсан күні таңертең жартылай орта салмақта америкалықтар Колби Ковингтон (17-5) мен Хоакин Баклидің (21-6) арасындағы жоғары деңгейлі жекпе-жек өтті.
Аталған кездесу Тампа қаласында (АҚШ, Флорида штаты) өткен UFC on ESPN 63 турнирінің басты оқиғасы болды. Жекпе-жек үшінші раундта аяқталды: дәрігер Ковингтонның қатты жарақатына байланысты айқасты тоқтатты.
Sporty Salaries мәліметіне сәйкес, Хоакин Бакли бұл жекпе-жек үшін 466 мың доллар табыс тапқан. Оның ішінде 350 мың доллар – октагонға шығу ақысы, 100 мың – жеңіс үшін берілген сыйақы, ал 16 мың – демеушілік төлемдер. Ал Колби Ковингтон 421 мың доллар алған, оның 400 мыңы – жекпе-жекке қатысу ақысы, 21 мыңы – демеушілердің төлемі.
Айта кетейік, дәл осы салмақ дәрежесінде қазақстандық жеңіліс көрмеген файтер Шавкат Рахмонов (19-0) да өнер көрсетеді. Ол рейтингте екінші орынға ие және чемпиондық титулға басты үміткер.