locale KZ
KZ - Қазақ RU - русский

«UFC-ке келіп, өздеріңді көрсетіңдер»: Асу Алмабаев Хоригутиден жеңілгеннен кейін сыншыларға қатаң жауап берді

Қазақстандық файтер Қатардағы UFC турниріндегі сәтсіздіктен кейін жанкүйерлеріне үн қатты
ММА
«UFC-ке келіп, өздеріңді көрсетіңдер»: Асу Алмабаев Хоригутиден жеңілгеннен кейін сыншыларға қатаң жауап берді
@asu_zulfikar57

Қазақстандық UFC файтері Асу Алмабаев Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде жапониялық Кёдзи Хоригутиден жеңілгені туралы алғаш рет егжей-тегжейлі пікір білдірді. Instagram парақшасында жариялаған видеоүндеуінде спортшы жанкүйерлеріне алғыс айтып, жеңілістен кейінгі психологиялық қиындықтары жайлы әңгімелеп, сыншыларға жауап берді, деп хабарлайды Sports24.kz.

Алмабаев сөзін жекпе-жек алдында өзіне қолдау білдіріп, нәтижесіне алаңдаған қазақстандықтарға алғыс айтудан бастады. Сонымен қатар файтер бұл жеңілістің өзіне ауыр эмоционалдық сынақ болғанын мойындады. Әсіресе ұзақ уақыт бойы дайындалып, басты мақсаты — UFC чемпиондық белбеуі үшін таласуға жақындап қалған сәтте мұндай жағдай оңайға соқпаған.

«Мені қолдап, алаңдап, дұға еткен барша бауырларыма мың алғыс. Маған да оңай емес. Осынша жекпе-жек өткізіп, айлар бойы тынымсыз жаттығып, тер төгіп, титулға бір қадам қалғанда кері шегіну... Мұндай жағдай кез келген спортшыға моральдық тұрғыдан ауыр тиеді. Өмірде маған ештеңе оңайлықпен келген емес. Бұл мақсатқа жету де оңай болмайды. Көптеген тұсты жетілдіру керек. Қазір ақталудың еш мәні жоқ», — деді Алмабаев.

Қазақстандық файтер үндеуінің бір бөлігін оның жеңілісін пайдаланып, өзіне назар аудартқысы келетін адамдарға арнады. Алмабаев мұндай әрекетті лайықсыз деп санайтынын айтып, сыншыларды UFC-де өздері жоғары нәтижеге жетіп көруге шақырды.

«Мені таңғалдыратыны — кейбір бауырларымыз менің жеңілісім арқылы атын шығаруға тырысады. “Біреудің қайғысына өз бақытыңды құра алмайсың” деген сөз бар. Өздерің сондай мықты болсаңдар, осында келіп, үздік бестікке, үздік ондыққа, үздік жиырмалыққа кіріп, күштеріңді көрсетіңдер. Біреудің жеңілісін пайдаланып даңқ іздеу — өте ұят», — деді файтер.

Хоригутиге қарсы жекпе-жектен кейін қазақстандықтың өнерін спорт қауымдастығы өкілдері талқылады. Атап айтқанда, комментатор Мәди Исатай Алмабаев әлі дивизион элитасының деңгейіне жеткен жоқ деп мәлімдесе, ММА файтері Қуат Хамитов оның өнеріне оң баға беріп, үшінші раундтағы тактикалық қателіктерін атап өтті. Дегенмен Алмабаев өз үндеуінің осы пікірлерге байланысты-болмағанын нақтыламады.

Видеоүндеудегі тағы бір маңызды тұс — жекпе-жекке берілген баға болды. Қазақстандық спортшы үш раунд аяқталғаннан кейін өзінің басым түскеніне сенімді болғанын айтты. Оның сөзінше, командасы да жекпе-жекте жеңіп келе жатқанын айтып отырған.

«Мен жекпе-жек үшін ақталып отырған жоқпын. Жеңдім деп ойладым. Әр раундтан кейін бұрышым: “Сен жеңіп келесің”, — деп айтып отырды. Жеңімпаз жарияланғаннан кейін Хоригутидің өзі де таңғалғанын көрдіңіздер ғой. Сондай сәт болды», — деді Алмабаев.

Алайда үш төрешінің үшеуі де жеңісті жапониялық спортшыға берді. Жекпе-жектен кейін Хоригути де өнеріне қатысты пікір білдірді. Жапониялық файтер тартыстың жеткілікті дәрежеде тартымды болмағаны үшін көрермендерден кешірім сұрап, келесі жекпе-жегінде чемпиондық атақ үшін күрескісі келетінін айтты.

Үндеуінің соңында Алмабаев көздеген мақсатынан бас тартпайтынын және мақтауға да, сынға да шамадан тыс мән бермейтінін атап өтті.

«Қазір мен мақтаудан қанаттанып, көңілге тиетін сөздерден қанатым қайырылатын жағдайда емеспін. Жалпы, бар шындықты айтып отырмын. Сондықтан қандай жағдай болса да, бірлігіміз бен ынтымағымызды сақтайық. Бір-бірімізді қолдайық. Бұл — ер адамның жолы, жауынгердің жолы: бүгін жеңіліс, ертең жеңіс — өмірде солай болады», — деп түйіндеді спортшы.

Еске сала кетейік, Асу Алмабаев Дохадағы UFC Fight Night 294 турнирінде Кёдзи Хоригутимен жұдырықтасты. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек толық үш раундқа созылып, төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жапониялық файтердің жеңісімен аяқталды. Алмабаев үшін бұл UFC-дегі екінші жеңіліс болды. Енді оның ұйымдағы көрсеткіші — жеті жеңіс, екі жеңіліс (7-2), ал кәсіби мансабындағы жалпы рекорды — 24-4.

Абылай Сеитов
Журналист
Sports24.kz 163 мың жазылушы
Басты жаңалықтардан хабардар болыңыз! Жаңалықтар, нәтижелер және спорттағы ең жарқын сәттер. Жазылып, маңызды оқиғалардан хабардар болыңыз!
Пікірлер
Пікір қалдыру үшін тіркелуіңіз керек
Для сіздің ыңғайлылығыңыз бен қауіпсіздігіңіз үшін біз файлдар cookie