2025 жылғы Формула-1 және автоспорт чемпиондарын марапаттау рәсімі Ташкентте өтеді
2025 жылғы Формула-1 чемпионын салтанатты марапаттау рәсімі Өзбекстанның астанасы және ең ірі қаласы Ташкентте өтеді. Бұл туралы Руандада өткен ФИА Бас ассамблеясының отырысынан кейін Халықаралық автомобиль федерациясы (ФИА) хабарлады.
ФИА 2025 жылдың 13 маусымында Қытайдың Макао қаласында кезектен тыс Бас ассамблеяның өтетінін де мәлімдеді. Бұл жиын негізінен жылдық есептерді бекітуге арналмақ.
Бас ассамблеяның негізгі отырысы және ФИА-ның қолдауымен өткізілетін барлық автоспорт чемпионаттарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2025 жылдың 12 желтоқсанында Ташкентте өтеді.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы Формула-1 чемпионы “Ред Булл” командасының шабандозы Макс Ферстаппен атанды, ал конструкторлар кубогын британдық “Макларен”командасы жеңіп алды.