ҚПЛ-де соңғы турдың алғашқы таймдары аяқталды: «Қайсар» мен «Жетісу» әзірге жоғары лигадан түсіп қалу аймағында
ҚПЛ-дегі қорытынды, 30-тур матчтарының алғашқы таймдары аяқталды. Аралық нәтижелер бойынша жоғары лигадан түсіп қалу аймағында қызылордалық «Қайсар» мен талдықорғандық «Жетісу» тұр, деп хабарлайды Sports24.kz.
Ең нәтижелі өткен кездесу — «Ұлытау» мен «Атырау» арасындағы матчтың алғашқы таймы. Қонақтар Қалмұратовтың голы және Джордже Максимовичтің дубльі арқасында 3:0 есебімен алда келеді.
«Оқжетпес» сырт алаңда «Елімайды» 2:1 есебімен жеңіп жатыр. Көкшетаулықтар сапынан Всеволод Садовский мен Еркебұлан Нұрғалиев көзге түссе, алаң иелерінің қатарынан Айбар Жақсылықов гол соқты. «Ақтөбе» Артур Шушеначевтің голының арқасында «Тобылға» қарсы матчта 1:0 есебімен алда келеді.
«Қызылжар» «Каспийді» 2:1 есебімен жеңіп жатыр. Петропавлдықтар сапынан Стефан Баокен мен Слободан Урошевич гол соқса, ақтаулықтардың қатарынан Силла Кеба мергендік танытты.
Елордадан келген «Жеңіс» «Қайсарға» қарсы кездесуде 2:0 есебімен алда келеді. Голдарды Зураб Тевзадзе мен Исламбек Қуат соқты. Павлодарлық «Ертіс» елдің мерзімінен бұрын чемпионы атанған «Ордабасыны» күтпеген жерден жеңіп жатыр: Руслан Юденковтың голынан кейін есеп — 1:0.
Ал «Жетісу» - «Астана» және «Қайрат» - «Алтай» кездесулерінде әзірге гол соғылған жоқ, есеп — 0:0.
