«Маған осы клоунды беріңдер»: Данияр Елеусінов өзбекстандық боксшыға шақыру тастады
Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы, қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов Өзбекстан өкілі Шохжахон Эргашевке қатысты өткір мәлімдеме жасады. Спортшы онымен IBA Nomad лигасында жекпе-жек өткізгісі келетінін айтып, қаржылық шарттар сәйкес келген жағдайда рингке шығуға дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды Sports24.kz.
IBA Nomad лигасының баспасөз қызметі Данияр Елеусіновтің мәлімдемесін жариялады. Онда қазақстандық боксшы Өзбекстаннан болуы мүмкін қарсыласына үндеу жасаған. Олимпиада чемпионы сөзін бүкпей, Шохжахон Эргашевпен кездесуге дайын екенін мәлімдеді.
«Егер ол жақтан болса, дәл осы клоунды беріңдер. Басқа келісімшарттарға түкіргенім бар, мен шығамын. Ең бастысы, қажетті соманы төлеңдер», - деді Елеусінов.
Осылайша, қазақстандық боксшының Эргашевпен жекпе-жекке қызығушылық танытатыны белгілі болды. Алайда ол қаржылық шарттарды келісуді маңызды санайды. Спортшылар арасындағы жекпе-жектің ұйымдастырылатыны әзірге ресми расталған жоқ.
Бұған дейін Шохжахон Эргашев желтоқсанның басында рингке қайта оралуды жоспарлап отырғанын айтқан еді. Өзбекстандық боксшының сөзінше, ол Алматыда өтетін IBA Nomad турниріне қатысып, кез келген қарсыластың шақыруын қабылдауға дайын. Эргашевтің мәлімдемесі Қазақстан боксының бірнеше өкілінің назарын бірден аударды.
Болжамды жекпе-жекке алғашқылардың бірі болып Торехан Сабырхан үн қатты.
«Шоу керек пе? Мен дайынмын», - деді қазақстандық боксшы.
Енді Эргашевпен кездескісі келетіндердің қатарына Данияр Елеусінов те қосылды.
Шохжахон Эргашев соңғы жекпе-жегін 17 қазанда Ташкентте өткізді. IBA Nomad 16 турнирінде өзбекстандық боксшы Қазақстан өкілі Дастан Бекенмен кездесті. Қарсыласу ММА қолғаптарымен бокс ережесі бойынша өтті. Жекпе-жек белгіленген толық қашықтыққа созылып, Эргашевтің төрешілердің бірауызды шешімімен жеңісімен аяқталды. Енді өзбекстандық боксшы Алматыда келесі кездесуін өткізу мүмкіндігін қарастырып жатыр. Онда оның қарсыласы болуы мүмкін қазақстандық боксшылардың саны бірден бірнешеу.
Олимпиада чемпионының мәлімдемесі Алматыда өтетін IBA Nomad турнирі төңірегіндегі интриганы күшейтті. Елеусінов келісімшарттық міндеттемелер болуы мүмкін екеніне қарамастан, рингке шығуға дайын екенін айтты. Сонымен бірге ол лайықты гонорардың қажет екенін бөлек атап өтті. Алайда Шохжахон Эргашевтің қарсыласына қатысты соңғы шешімді ұйымдастырушылар әзірге жариялаған жоқ.